Өткен тәулікте Қазақстанның үш облысында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 3 адам қаза болды
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Қазақстанның үш облысында орын алған жол-көлік апаттарында 3 адам қаза болды, 1 адам ауруханаға түсті,
деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпараты бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев атындағы ауданында дүйсенбі күні сағат 19.30-да «Урал» мотоциклы мен «МТЗ-80» тракторы соқтығысып қалды. Апат салдарынан мотоциклдың 43 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Сондай-ақ кеше, кешкі сағат алтыларда Қарағанды облысының Ақтау кентінде, теміржол өткеліндегі айналма жолда БМВ көлігі аударылып қалды. 30 жастағы жүргізуші оқиға орнында тіл тартпай кетті, ал оның жолаушысы ауруханаға түсті.
Ал Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Өзгент елді мекеніндегі сүрлеу жолда «Москвич» машинасы аударылып, апат салдарынан 41 жастағы жүргізуші қайтыс болды.