Өткен тәулікте жол апаттарынан 3 адам көз жұмып, 13-і зардап шекті - ТЖМ
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте республика автожолдарында орын алған жол-көлік апаттарының салдарынан 3 адам мерт болып,
тағы 13-і түрлі дене жарақаттарын алды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінен.
Мәселен, Маңғыстау облысы Қарақия ауданынан шығатын Ақтау-Жаңаөзен автожолының 106-шы шақырымында «Опель» және «ВАЗ» автокөліктерінің соқтығысуы орын алып, келеңсіз жағдайдың салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы сол жерде қаза тапты. «Опельді» басқарған 33 жастағы азамат пен оның төрт жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ осы күні Жамбыл облысы Байзақов ауданындағы Алматы-Ташкент автожолының 497-ші шақырымында «Фольксваген» және «Ауди» автокөліктерінің соқтығысуы болды. Жол-көлік апатында екі машинаның жүргізушісі мен екі жолаушы зардап шекті.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданына қарасты Мартөбе ауылында ауылдың ішкі жолын «Фольксваген» және «Ауди» автокөліктері бөлісе алмай, тұмсық түйістіріп, екі жүргізуші мен екі жолаушы ауруханаға түсті.