Өткен тәуліктерде құтқарушылар автокөліктердің 46 жолаушысына көмек көрсетті - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ақмола облысында сенбі күні Целиноград ауданы ТЖБ күшімен (2 адам және 1 бірлік техника) Астана-Павлодар автожолының 66-шы шақырымында жол жиегіндегі жыраға түсіп кеткен 9 жолаушы мінген «Газель» машинасы жолға шығарылып, бара жатқан бағытына аттандырылды. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлады ҚР ТЖМ.

Өткен тәуліктерде құтқарушылар автокөліктердің 46 жолаушысына көмек көрсетті - ҚР ТЖМ

Бүгін түн ортасында Астана-Петропавл автожолында, Ақкөл кенті маңында дизель отынының қатып қалуы салдарынан 3 жүргізушісімен автобус тоқтап қалғаны туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндіру қызметі күшімен (5 адам және 1 бірлік техника) автобус жүргізушілерімен жақын маңайдағы тұраққа жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ.

Қостанай облысында кеше күндіз Сарыкөл-Сулы автожолында Сарыкөл кентінен 35 шақырым жерде 3 жолаушы мінген «ВАЗ» машинасы сынып қалғаны туралы хабар жетті. Сарыкөл ауданы ТЖБ күшімен (2 адам және 1 бірлік техника) «ВАЗ» жолаушыларымен Сарыкөл кентіне жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ.

Сол күні түнге қарай «Әулиекөл-Құсмұрын» автожолындағы Әулиекөл кентінен 23 шақырым жерде дизель отынының қатып қалуынан «Фольксваген» машинасы қозғалысын тоқтатқаны жайлы хабар келді. Әулиекөл ауданы ТЖБ күшімен (2 адам және 1 бірлік техника) машина Құсмұрын кентіне жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ.

Бүгін таңғы сағат бестің шамасында Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбор автожолының 838-ші шақырымында дизель отынының қатып қалуынан «Мерседес» жолаушылар автобусы тоқтап қалған, онда 30 жолаушы, соның ішінде бір бала болған. Шет ауданы ТЖБ (2 адам және 1 бірлік техника) жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп, автобус жолаушыларын жолшыбай автокөліктерге отырғызып, Қарағанды қаласына аттандырды. Зардап шеккендер жоқ.

Павлодар облысында осы кезде Павлодар -Қарағанды автожолында Шідерті кентінен 20 шақырым жерде 21 жолаушысымен «Неоплан» автобусы дизель отынының қатып қалуы салдарынан тоқтап қалған. Автобус жолаушылары өздігінен жолшыбай көліктерге мініп, діттеген жеріне аттанып кеткен. Екібастұз қаласының құтқарушылары (4 адам және 1 бірлік техника) автобусты жетекке алуға көмектесті. Зардап шеккендер жоқ.

Барлығы 46 адам, соның ішінде 1 бала және 3 бірлік техника, соның ішінде 3 автобус құтқарылды.