Өткен тоғыз айда Астана қаласының жол полициясы 193 054 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады

АСТАНА. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылдың өткен 9 айында Астана қаласының Жол полициясы басқармасы жол қозғалысын қадағалау кезінде 193 054 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Бұл туралы ЖПБ-дан мәлім етті.

Өткен тоғыз айда Астана қаласының жол полициясы 193 054 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады

193 мың 54 құқық бұзушының 3940-і көлікті мас күйінде басқарғаны үшін, 75937 - жылдамдықты шамадан тыс асырғаны үшін, 6889 - жаяу жүргіншілердің құқықтарын бұзғаны, 1472 - апатты жағдай туғызғаны және 2158 - жолдың қарсы бетіне шығып кеткені үшін ұсталды.

Аталмыш кезеңде Астана аумағында 280 жол-көлік апаты орын алды. Оның 169-ы, яғни 60,4 пайызы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болды. Осы ретте, жол полицейлері жолда жүру ережелерінің жүргіншілермен бұзылу фактілеріне, атап айтқанда жолдан рұқсат етілмеген жерден өту жағдайларына баса назар аударды. Нәтижесінде тоғыз ай ішінде 7048 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда (2887) 144,1 пайызға көп.

Сондай-ақ ЖПБ-дан мәлім еткендей, елорда аумағында апатты жағдайларды азайту және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қарашаның 18-25 күндері аралығында «Қауіпсіз жол» шұғыл алдын-алу іс-шарасы өткізіледі. Шараға ЖПБ-ның барлық құрамы мен күштері жұмылдырылатын болады.