Өткен тоқсанда 178,2 миллион теңге шығынның орны толтырылды

КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысында ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 178,2 миллион теңге шығынның орны толтырылды, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 41 есеге көп,

Өткен тоқсанда 178,2 миллион теңге шығынның орны толтырылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Департамент басшысы Нұрлан Жұмабаевтың айтуынша, үш ай ішінде 160 қылмыстың беті ашылды, бұл былтырғы жылға қарағанда 5 пайызға көп. Осы уақытта сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша ашылған қылмыс деңгейі 23 пайызға артқан. Өткен мерзімде пара алуға қатысты он, қызметіндегі жасанды іс- әрекетпен байланысты 9 және қызмет бабын асыра пайдалануда 3 оқиға анықталды. Қаржы полицейлерінің жіті іс-қимылы нәтижесінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің бөлім меңгерушісі Е. есімді азамат өзінің кабинетінде 130 мың теңге пара алу кезінде қолға түссе, «Дәулет» кәсіпкерлік құрылым жетекшісі С.есімді азамат 118 миллион теңге несиені өз мақсатына жаратқан, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 30 миллион теңге несие алған О.есімді жеке кәсіпкердің құжаттары жалған болып шыққан. Қазір осынау қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары аяқталып, сот қарауына жіберілген.