15:53, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Өткен төрт жыл ішінде елімізде мәдени құндылықтарды ұрлаудың 20 фактісі тіркелген ? ІІМ
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2004-2008 жылдары аралығында елімізде мәдени құндылықтарды ұрлаудың 20 фактісі тіркелген.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Саванков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен төрт жыл ішінде республикамызда мәдени құндылықтарды ұрлаудың 20 фактісі тіркелсе, былтырғы жылы мұндай бір ғана қылмыс орын алған. Бұлардың ішінде 7 ұрлық мұражайларда, 9-ы - мешіттер, шіркеулер мен ғибадатханаларда, 4-еуі пәтерлер мен үйлерде орын алған. Бұның ішінде картиналар мен икондарды ұрлаудың 51 фактісі, діни ғұрыптық бұйымдарды ұрлаудың 1 мың 776 фактісі, жәдігер сағат пен ескі қолжазбаны ұрлаудың - 2, басқа да бұйымдарды ұрлаудың 44 фактісі тіркелді», - деді А. Саванков. Оның айтуынша, мәдени құндылықтарды ұрлауға қатысты қылмыстардың дер кезінде ашылуы 80 пайызды құрап отыр. Ал еліміздің мәдени құндылықтарын ұрлық жолымен шетелге алып өту фактісі тіркелмеген.