Өткен түні тұрғын үйлерде болған өрт салдарынан 2 адам қаза тапты - ҚР ТЖМ
Қыркүйектің 6-сы күні, таңғы сағат 4-те Ақмола облысы Бұланды ауданының 2 қабатты тұрғын үйінің пәтерінде өрт болып, оның аумағы 3 шаршы метрді құрады. Құтқару жұмыстарының барысында 53 жастағы ер адамның денесі табылды. Өрт ҚР ТЖМ Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамындағы 5 адамы мен 2 дана техникасының арқасында сөндірілді.
Сондай-ақ бүгін түнде Қарағанды облысының Ағадыр кентінде бір қабатты тұрғын үй пәтерінде өрт оқиғасы орын алды. Жалынның аумағы 14 шаршы метрді құрады. «Өрт сөндіру барысында 1933 жылы дүниеге келген әйел адамның денесі табылды», - делінген таратылған ақпаратта.
Жалын ҚР ТЖМ Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамындағы 4 қызметкері мен 2 дана техникасының күшімен ауыздықталды.