Өткен үш айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 157 млрд. теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы қаңтар-наурызда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 157 млрд. теңгені құрады. Бұл 2015 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 15,7 пайызға артық.

Өткен үш айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 157 млрд. теңгені құрады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің хабарлауынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2016 жылғы қаңтар-наурызда 99,4 пайызды құрады. Айта кетерлігі, қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Ол ЖІӨ-ң 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

Осыған орай, 2016 жылғы қаңтар-наурызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 4058 млрд. теңгені құрап, былтырға қарағанда 0,8 пайызға азайған. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,3 пайызға артты. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 1,5 пайыз, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 0,7 пайыз, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда 5,5 пайыз төмендеген.

«Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 317,8 млрд. теңгені құрады. Ал көлік саласы бойынша нақты көлем индексі 104,1пайызға тең болды. Сонымен қатар, қаңтар-наурызда жүк айналымының көлемі 118,7 млрд. ткм (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрап, 2015 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 0,3 пайызға артты. Жолаушылар айналымының көлемі 1 пайызға артты. Бұдан бөлек, қаңтар-наурызда бөлшек сауда көлемі 1535,2 млрд. теңгені немесе 2015 жылдың тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 96,9 пайызды құрады. Ал көтерме сауда көлемі 3308,6 млрд. теңгені немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 92,6 пайызды құрады», - делінген баспасөз баянында.