Өткен жексенбі күні жекеменшік үйлерден шыққан өрт 4 адамның өмірін қиып кетті - ТЖМ
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат - Кеше, желтоқсанның 13-і күні еліміздің әр аумағындағы жекеменшік тұрғын үй секторларында болған өрт оқиғаларында 4 адам қаза тапты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, олардың бірі Алматы қаласы Солнечный көшесінде орналасқан тұрғын үйде болды. 35 шаршы метр аумаққа жайылған өртті ауыздықтау барысында 54 жастағы азаматтың денесі табылды.
Солтүстік Қазақстан облысы, Соколовка кентіндегі Шухова,28-ші үйден шыққан тілсіз жау 85 жастағы қарттың өмірін қиып кетті. 60 шаршы метр аумаққа жайылған жалын ҚР ТЖМ СҚО бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің күшімен ауыздықталды: жеке құрамда 10 адам, 2 техника.
Сондай-ақ Петропавл қаласы Театральная, 15 мекен-жайында сағат 17.00-де шыққан өртті сөндіру барысында 77 және 44 жастағы азаматтардың денелері табылды. Жалын ҚР ТЖМ СҚО бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің күшімен 19 сағат 11 минутта сөндірілді.