Өткен жылғы Түркістан облысындағы пойыз апатына кінәлілер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – «Орал вагон жөндеу кәсіпорны» АҚ-ға 1,4 млн теңге айыппұл түріндегі әкімшілік айыппұл салынды.

Өткен жылғы Түркістан облысындағы пойыз апатына кінәлілер анықталды
Фото: Видеодан скрин

2024 жылы «Арыс-Түлкібас» кешенді қисық учаскесінің Түлкібас-Арыс темір жол учаскесінде жүк пойызының 8 вагоны рельстен шығып кеткен еді.

- Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекторы әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада оқиғаға «Орал вагон жөндеу кәсіпорны» АҚ  жасаған вагондарды деполық жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуі себеп болғанын көрсеткен. Бұл жылжымалы құрамның қалпына келтірілмейтін күйге келтірілуіне әкеліп соққан. Инспектор соттан «Орал вагон жөндеу кәсіпорнын» әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған, - делінген Жоғарғы сот хабарламасында. 

Түркістан облысы Түлкібас аудандық соты «Орал вагон жөндеу кәсіпорнына» қатысты үш әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарын зерделей келе, тергеу барысында 8 жүк вагонының рельстен шығып кетуіне техникалық себеп «Орал вагон жөндеу кәсіпорны» платформасын сапасыз депо жөндеуден өткізгені анықталғанын көрсетті. «Орал вагон жөндеу кәсіпорнының» жылжымалы құрамды, сондай-ақ темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық құралдарды күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу бойынша тиісті шараларды қабылдамағаны үшін кінәсі құжаттармен расталды.

Сот жоғарыда аталғандарды ескере отырып, «Орал вагон жөндеу кәсіпорны» АҚ  ӘҚБтК-нің 559-бабының 6, 7, 8-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп таныды.

 - «Орал вагон жөндеу кәсіпорны» акционерлік қоғамына 1,4 млн теңге айыппұл түріндегі әкімшілік айыппұл салынды, - делінген хабарламада. 

Сот шешімдері заңды күшіне енді.

Еске салсақ Түркістан облысында жүк пойызы рельстен шығып кеткені туралы жазған едік. Апат салдарынан 10 пойыз кестеден кешіккен еді

 

Соңғы жаңалықтар