Өткен жылы 5,35 млрд доллардың өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды – АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы еліміз агроөнеркәсіп кешенінің құны 5,35 млрд доллар болатын өңделген өнімін экспортқа шығарды. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов айтты.

астық
Фото: Pixabay

«Өткен жылы агроөнеркәсіп кешені саласында 3,8 мың жұмыс орнын құра отырып, 275,6 млрд теңгеге 289 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 103,5 млрд теңгеге 29 жоба, өсімдік шаруашылығын қайта өңдеу саласында 15,3 млрд теңгеге 19 жоба бар. Биыл 11 инвестициялық жобаны, оның ішінде астықты терең өңдеу бойынша екі ірі жобаны іске асыру басталды», - деді вице-министр.

Бағлан Бекбауовтың дерегінше, 5 жыл ішінде қайта өңдеу саласындағы жалпы сомасы 300 млрд теңгеге жуықтайтын 50-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл тереңдете өңделген өнімдер өндірісінің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Экспорттық әлеуетті ұлғайтуға келетін болсақ, 2023 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорты 5,35 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте АӨК өнімі экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 42,6 пайызға дейін жетіп, 2,28 млрд АҚШ доллары болды. 2024 жылы 45 пайызға дейін арттыру жоспарланған», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар