Өткен жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін 158 қызметкер жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін 158 қызметкер жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
«2023 жылы 59 стратегиялық бағыт бойынша 26 мемлекеттік органның даму жоспарында 177 макроиндикаторға және 282 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген. Осы индикаторларға қол жеткізу туралы комитет және жұмыс тобы отырыстарында мемлекеттік органдар толық баяндаған. 2023 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың 158 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 90 пайызы – басшылық құрам», - деді ол.
Министрдің дерегінше, 2023 жылы Ұлттық қордың қаражатын басқару тиімділігі бойынша оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Ұлттық қордың активтері өткен жылға қарағанда 13,4 пайызға ұлғайып, 65,7 млрд АҚШ долларын құрады. Кепілдендірілген трансферт 4-тен 2,2 трлн теңгеге дейін екі есеге төмендеді.
«Ұлттық қор - балаларға» жобасы бойынша ағымдағы жылы бір балаға есептелген сома 100,5 АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 695,5 млн доллар мөлшерінде есептелді. Оның ішінде 2024 жылы 304 815 адам 18 жасқа жетіп, 30,6 млн доллар мөлшеріндегі қаражатты пайдалана алды», - деді Мәди Тәкиев.