Өткен жылы Қазақстанда е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асты
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық онлайн дүкендерді дамытып, тауар өндірушілердің шетелдік интернет-алаңдарға шығуына жәрдемдесу жөнінде айтты.
«Қазіргі таңда әлем елдерінде электронды сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. 2025 жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25%-ке асып түседі деп күтілуде. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес-процестерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр. Мұның барлығы сатып алушыларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді әрі олардың уақытын үнемдейді», — деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
2023 жылы Қазақстанда е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асып, бүкіл бөлшек сауданың 13%-ін құрады. Елдегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі.
«Осы мүмкіндікті өз өнімдерімізді әлемдік нарықта өткізудің қосымша каналы ретінде пайдалануымыз керек. Сонымен қатар, отандық онлайн-дүкендерді де дамыту қажет. Ол үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек», — деді ол.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін де қажетті түзетулер әзірленіп, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына енгізілді. Бұл құжат қазір Парламент қарауында.
«Отандық онлайн-дүкендерді дамыту бойынша тиімді шешімдер 1 ай мерзімде әзірленуі тиіс. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілердің шетелдік интернет-алаңдарға шығуына белсенді түрде жәрдемдесу маңызды. Екіншіден, бізге өзіміздің бондтық қоймаларымыз қажет. Олар тауарларды еліміздегі сатып алушыларға, сол сияқты шетелдіктерге жеткізу процесін оңайлатуға мүмкіндік берер еді. Сондықтан, Сауда министрлігі „Қазпоштамен“ бірлесіп, биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бондтық қоймалар құрылысын бастауы керек», — деп тапсырма берді Үкімет басшысы.
Сонымен бірге, Сауда министрлігіне Көлік министрлігімен және Ұлттық пошта операторымен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін Ақтауда контейнерлік хабты және Құрық портында электронды сауданың толыққанды логистика орталығын құру тапсырмасы берілді.