Өткен жылы салық пен кедендік әкімшілендіруге 226 мың шағым түскен – Үкімет отырысы

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жаңа Салық кодексін әзірлеу созылып бара жатқанын сынға алды. Өткен жылы мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы мен әрекетсіздігіне, қосылған құн салығын қайтаруды кешіктіруге, мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты 226 мыңға жуық шағым түскен.

налоги
Фото: pixabay

О.Бектенов Үкімет алдында салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

«Осы мақсатқа жетудің ең оңтайлы жолы – барлық процестерді барынша цифрландыру. Жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Оған қойылатын талап өте қатаң. Бұған дейін ұсынылған тәсілдерге қатысты орынды сын айтылған болатын. Бизнес пен қоғам бұл құжаттан оң өзгерістер күтіп отыр. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек», - деді Премьер-Министр бүгінгі Үкімет бүгінгі отырысында.

Алайда Үкімет басшысы Кодексті әзірлеу созылып бара жатқанын, бұл жұмысты жедел аяқтау қажеттігін ескертті.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтан салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне қатысты 226 мыңға жуық өтініш пен арыз-шағым келіп түскен. Олар негізінен мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы мен әрекетсіздігіне, қосылған құн салығын қайтаруды кешіктіруге, мәмілелерді жарамсыз деп тануға және тағы басқа мәселелерге қатысты болды. Жаңа кодексте осыларды ескеру, әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет», - деді О. Бектенов.

«Салық комитеті мен Кедендік бақылау комитеті біріктіріліп, орнына Мемлекеттік кірістер комитеті құрылғаннан бері 9 жылдан астам уақыт өтті. Алайда салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары әлі біткен жоқ. Оны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Бұл – соңғы мерзім», - деді Үкімет басшысы.