Өткен жұмада Қарағанды өңірінде жауған қардан еш қауіп жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жұмада жауған қар аймақтағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдайға әсер етпейді. Ол жайлы аппараттық жиналыс барысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа мәлімдеді.

Өткен жұмада Қарағанды өңірінде жауған қардан еш қауіп жоқ

«Сенбіде, жауған қарға байланысты ылғал қоры ұлғайды. Алайда Шет, Жаңаарқа және Нұра аудандарында көктемгі су тасқынына қатысты жағдай бақылауда. Облысымыздың аумағында су келу көрсеткіштері төмендеуде. Ылғал қоры да азайып барады, тіпті жуырда жауған қардың көлеміне қарамастан, жағдай қалыпты. Синоптиктердің болжауынша, сәуірдің бесіне дейін түнгі ауа температурасы төмен болса, күндіз жоғарылайды. Мұндай жағдада қар баяу ериді. Сәуірдің бесінен кейін ауа температурасы түнгі мезгілде де жылитын болады. Қазір Нұра өзеніндегі судың қоры жауған жауынды есепке алғанда 248 млн текше метрді құрап отыр.», - деп сендірді Анатолий Шкарупа.

Мамандардың айтуынша, бұл қауіп тудыратындай көрсеткіш емес.

«Бүгінгі таңда Самарқан су қоймасы қосымша 65 миллион текше метр сыйдыра алады. Су қоймасы 175 млн текше метр су қабылдады, оның 149-ы шығарылды», - деп мәлімдеді «Қазсушаруашылығы» РММ Қарағанды облыстық филиалының директоры Дүйсембай Әбжанов.

Анатолий Шкарупаның айтуынша, қалалар мен аудандардың әкімдері тұрақты түрде өздеріне тиесілі аумақтардағы көктемгі су тасқыны жағдайы туралы есеп беріп отырады. Ол өз кезегінде су тасқыны бойынша дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, жағдайда бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.