Өткен жыл ішінде прокурорлар еңбеккерлердің 9,3 миллиард теңге жалақыларын алып беріп, 225 мың жұмысшының құқықтарын қорғады
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Прокуратура органдары азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау шараларын жалғастыруда.
Өткен жыл ішінде олар еңбеккерлердің құны 9,3 миллиард теңгеден асатын жалақыларын алып беріп, 225 мың жұмысшының бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өміралиев мәлім етті.
Оның айтуынша, прокурорлардың ұйғарымының негізінде «ПСК Көкшетауқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 250 жұмысшының құны 15 миллион 880 мың 604 теңге болатын жалақыларын толығымен төлеген. Ал Астанада прокурорлық шаралардың нәтижесінде 8 кәсіпорын 103 миллион теңге қарыздарын өтеді. Алматы қаласында желтоқсан айының өзінде 200 миллион теңгенің берешегі қайтарылды. «Қазіргі таңда прокурорлардың басты назарында жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзуға кінәлі азаматтарды жауапқа тарту тұр. Осы мәселе бойынша еңбеккерлерге төленуі тиіс 8 миллион 851 мың 929 теңгені жеке мүддесі үшін жаратып жіберген «Олжа Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры сотталды», деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлар 1 мың 542 ұсыныс, 627 ұйғарым енгізіп, 1 мың 60 түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал жалақыны төлемеу әрекеті бойынша 34 қылмыстық іс қозғап, 1 мың 651 адамды әкімшілік жауапқа, 1 мың 326 адамды тәртіптік жауапқа тартқан.