Өткен жыл Ішкі әскерлер үшін жауынгерлік қуаттылығын сынақтан өткізген жыл болды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Бүгін Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Өткен жыл Ішкі әскерлер үшін жауынгерлік қуаттылығын сынақтан өткізген жыл болды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Өткен жыл Ішкі әскерлер үшін жауынгерлік қуаттылығын сынақтан өткізген жыл болды

Өткен жыл Ішкі әскерлер үшін жауынгерлік қуаттылығын сынақтан өткізген жыл болды. Шұғыл және тиімді қимылдаудың нәтижелілігін әскеріміз Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында болған су тасқынының зардаптарын жоюға қатысу, Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінен қашқан сотталғандарды құрықтау және Ақмола облысындағы түзеу мекемесіндегі сотталғандар арасында орын алған жаппай тәртіпсіздікті тыю кезінде кәсіби шеберлікпен және қайсарлықпен көрсете білді.

Жоғарыда аталған мысалдар біздің ішкі әскеріміздің еліміздің конституциялық құрылымы мен азаматтардың құқығын қорғаудағы өз міндеттеріне адалдығының дәлелі.

2010 жылы Ішкі әскерлері өзіне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды толығымен орындады.

«Өткен жылы ішкі әскердің маңызды мемлекеттік нысандарды күзететін әскери бөлімдері еліміздің он төрт нысанын сенімді күзетуді қамтамасыз етті. Оларды күзету бойынша 5360 жауынгерлік қызмет міндеті, сондай-ақ арнайы жүктерді алып жүрудің 24 тапсырмасы орындалды. Қарауылдар өткізу режимін бұзған 614 фактіні тіркесе, күзетілген нысандардан жалпы сомасы 4 млн. теңге тұратын материалдық құндылықтардың ұрлануына жол бермеді», - деп хабар таратыпты баспасөз қызметі.

Ішкі әскердің басты міндеттерінің бірі - ішкі істер органдарымен бірге еліміздің қалалары мен елді мекендеріндегі қоғамдық қауіпсіздікті күзету.

«Қазіргі уақытта жедел мақсаттағы әскери бөлімдер полиция қызметкерлерімен бірлесіп еліміздің 18 қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тек өткен жылдың ішінде ғана 4503 патрульдік қызмет міндеті орындалып, әскери жасақ 110 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде қылмысқа қатысты күдікпен ұсталғандардың саны - 3495. Сондай-ақ 163 суық және 58 ату қаруы тәркіленіп, жалпы салмағы 2,7 келі болатын 255 әртүрлі есірткілік затпен жүргендер ұсталған», - деп хабарлайды ІӘ баспасөз қызметі.

Ішкі әскерлеріміз Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға әрқашан да әзір.