Өткен жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 122 млрд долларға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылдың 11 айында еліміздің тауар экспорты 77 млрд доллардан асты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4 пайызға өсіп, 122,2 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4 пайызға артып, 77,6 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8 пайызға ұлғайып, 24,1 млрд долларды құрады», - деді министр.
Оныңк дерегінше, тауарлар импорты 44,6 млрд доллар болды.
«Жалпы, оң сауда балансы 33,1 млрд долларды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4 пайызға өсті. Көрсеткіш өсуі 18 өңірде тіркелді. Соның ішінде Алматы қаласы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары ең жоғарғы өсуді көрсетті», - деді Әлібек Қуантыров.