Өткен жылмен салыстырғанда ЖКО саны 6,7 пайызға төмендеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары саны 6,7 пайызға төмендеді. Бұл туралы 2014 жылдың 9 айындағы Қазақстан жолдарындағы жағдайы туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статитиска және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Осы ретте қаза болған адамдардың саны да 15,3 пайызға азайды. Бұл өз кезегінде уәкілетті органдар тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы жоспарлы алдын алу жұмыстарының нәтижесінен және азаматтардың қауіпсіздік тұрғысында түсінігінің жоғарылауынан болып отырған жағдай деуге болады», - делінген комитет хабарламасында.
Айта кетейік, Республикада 2014 жылдың 9 айында 14 367 жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Бұл ретте ЖКО салдарынан 1 810 қаза болғандардың ішінде 187-сі - кәмелетке толмағандар. Ал жарақат алған 18 289 адамның арасында 3 435-і - кәмелетке толмағандар», делінген комитет мәліметінде.