Өткен жылмен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар 63,1 мың адамға артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика экономикасында 2014 жылғы маусымда 8,6 млн. адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 63,1 мың адамға немесе 0,7 пайызға көбейді. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.
Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 6 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 69,8%) құрады.
«2014 жылғы II тоқсанның алдын ала деректері бойынша өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан жұмыспен нәтижелі қамтылғандар үлесі 70 пайызды, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар - 30 пайызды құрады», - делінген агенттік мәліметінде.
2014 жылғы маусымда жұмыссыздар саны бағалау бойынша 459,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды қамтыды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2014 жылғы маусым айының соңына 55,6 мың адам («Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысатындар құрамына енгізілген азаматтардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,6 пайызын құрады (2013 жылғы маусымда - 0,7%).
2014 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,3 пайызын қамтыды.