Өткен жылы 192 субъект тұтынушылар артық төлеген 2 млрд. теңгені қайтарды

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен жылы 192 субъект тұтынушылар артық төлеген 2 млрд. теңгені қайтарды. Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында аталған ведомство төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлім етті.

Өткен жылы 192 субъект тұтынушылар артық төлеген 2 млрд. теңгені қайтарды

«Өткен жылы агенттікпен тұтынушыларға келтірілген шығындары өтеу мақсатында 192 субъектіге уақытша өтеу тарифтері енгізілді. Тұтынушыларға қайтарылған жалпы сома 2 млрд. теңгені құрайды», - деді ол.

Сондай-ақ, 2011-2012 жылу беру маусымында сыртқы ауа температурасының өзгеруіне байланысты қайта есептеу нәтижесінде халыққа қайтарылған сома 907 млн. теңгеге жеткен.

Жалпы агенттік төрағасының орынбасары алға тартқан деректерге қарағанда, 2012 жылы заңдылықты сақтау және тұтынушылар құқықтарының бұзылуына жол берілмеуін бақылау аясында 471 тексеру жүргізіліп, заңнама бұзушылықтарды жоюға 744 нұсқама берілген. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 382 қаулы шығарылған. Айыппұл шаралары ретінде 205 млн. теңгеден астам қаржы өндірілген.