Өткен жылы 5 мыңнан астам нәресте шетінеген - статистика

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылғы қаңтар-желтоқсанда АХАТ органдарында 379,1 мың жаңа туған нәресте тіркелді, бұл 2011 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға көп. Бұл туралы Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов бүгін өткен брифингте мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, елімізде өткен жылғы қаңтар-желтоқсан айларында өлгендер саны 141,2 мың адамды құрады, бұл 2011 жылғы осы кезеңіне қарағанда 2,4%-ға кем.

Аталған мерзімде республикада 1 жасқа дейінгі 5100 нәресте өлімі тіркелді. Бұл 2011 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер санынан 8%-ға кем. Агенттік төрағасының айтуынша, нәресте өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, одан 2012 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2921 нәресте өлген. Туа біткен ауытқулардан өлгендер саны 986, тыныс органдары ауруларынан - 363 және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан - 214 нәресте бақилық болған.

Сондай-ақ, есепті мерзімде АХАТ органдарында 164,7 мың неке тіркеліпті. Олардың саны 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға өскен. Дегенмен, осы кезеңде 48,5 мың ажырасулар тіркеліп, олардың саны 8%-ға өскендігі байқалып отыр. 2012ж. қаңтар-желтоқсан айларында республика бойынша көші-қонның теріс айырымы қалыптасып, минус 1381 адамды құрады.

Соңғы жаңалықтар