Өткен жылы Алматыда 6 мыңға жуық адам психологтің көмегіне жүгінген
- Сенім телефонына бір тәулікте 20, 30, кейде 40-қа жуық тұрғын қоңырау шалады. Олардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Психиатриялық, наркологиялық қызметке мұқтаж тұрғындар психологтарға ағынан ақтарылып, көкейіндегі мәселесін тарқатып, қажетті ақпаратты алады. Сенім телефонында кәсіби, тәжірибелі клиникалық психологтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Біздің мақсатымыз да осы. Психологиялық көмек тегін және әр адамның сыры құпия сақталады, - дейді орталық басшысы Сапар Рахменшеев.
Оның мәліметінше, өткен жылы 1303 сенім телефонына хабарласқандардың басым бөлігі әлеуметтік, тұрмыстық түйіткілдер, отбасылық кикілжің, ерлі-зайыптылар, ене мен келін арасындағы дау-дамайды шешудің амалын сұраған, күйзеліске түскен жандар. Бұдан бөлек, балалары бағудан бас тартқан қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, құмар ойынға тәуелді жандар, онлайн несие алып, қарызға батқандар да бар. Маскүнемдік, есірткіге тәуелді тұрғындар да емделудің жолын іздеп, сенім телефонына хабарласқан.
«Биыл қаңтар айынан бастап Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының сенім телефоны 3580 call-орталығына қосылды. Енді 3580 call-орталығының нөмерін теріп, үлкен шаһардың тәжірибелі клиникалық психологтарынан кеңес алуға болады. Айту керек, бұл call-орталықтары Алматы, Тараз және Семей қалаларында жұмысын бастады», - деді Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев.