Өткен жылы Астанада қос азаматтығы бар 43 адам жазаланды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр өзге елдердің азаматтығын қабылдаса да, Қазақстан азаматтығынан шықпаған 43 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы елордадағы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анар Жомартова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қос азаматтыққа қарсы тиісті шаралар қабылданды. Өзге елдердің азаматтығын қабылдаған 753 адамға қатысты Қазақстан азаматтығынан айыру рәсімі тіркелді. 43 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді А. Жомартова 2022 жылы көші-қон саласында атқарылған жұмысқа қатысты өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол былтыр Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға өтініш тапсырған 1 мың 956 шетел азаматы тіркелгенін айтты.
«Қазіргі кезде елордада тұрақты тұратын шетел азаматтарының саны 14 мыңға жақында. Оның 6 мыңы этникалық қазақ. Сонымен қатар, қалада 361 азаматтығы жоқ адам тұрып жатыр», - деді Анар Жомартова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы елордада уақытша тіркелген шетел азаматтарының саны өсті.
Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 6 мыңға жуық шетел азаматы анықталды.
2022 жылы елордада көші-қон саласына қатысты 635 мыңнан астам қызмет көрсетілді.