Өткен жылы Астананың аудандық және оларға теңестірілген соттарының өндірісіне 65 мыңнан астам іс түсті
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 12 айында Астана қаласының аудандық және оларға теңестірілген соттарының өндірісіне 65566 іс түскен, олардың - 42178-і азаматтық, 21558-і әкімшілік және 1830-ы қылмыстық іс. Бұл туралы бүгін елорда соттарының жұмыс қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында Астана қаласы сотының төрағасы Сәкен Абдуллаев мәлім етті, деп хабарлайды елорданың ресми сайтын.
Оның айтуынша, былтыр елорда соттарының өндірісіне 45790 азаматтық іс болды, оның 31052-сі, немесе 67,8%-ы қаралды, 18488 іске немесе 40,3 %-ына шешім шығарылды.
«Өткен жылы Астана қаласының соттары одан арғы жылғы істерді қоса есептегенде 2 027 іс қараған. Олардың - 1 867-сі толық аяқталған. Нәтижесінде 1 143 адамға үкім шығарылып, 487 азамат бас бостандығынан айрылды. 837 азамат ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша сотталып, оның 15-і ақталды. 130 азаматқа қатысты 69 іс қайта тергеуге жіберілді.
Астана қалалық сотына 2012 жылдың 12 айында жеке және заңды тұлғалардан 472 арыз түскен, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 98 шағымға көп. Солардың ішінде 24 шағым расталды, 130-ы расталмады», - деді Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Рүстем Алшынбаев.