Өткен жылы ауыл халқының сырқаттану деңгейі 3,5 пайызға төмендеді - ҚР ДСМ

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары, комитет департаменттері, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен алқа мәжілісі өтті.

Өткен жылы ауыл халқының сырқаттану деңгейі 3,5 пайызға төмендеді - ҚР ДСМ

Аталған министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, онда ауылдық денсаулық сақтау саласының және жедел медициналық жәрдем қызметінің жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.

«Алқа мәжілісінде соңғы жылдары елімізде ауыл халқының денсаулық жағдайы, денсаулық сақтаудың материалдық-техникалық базасы, көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай жақсарғаны атап көрсетілді. Қазір ауыл халқының саны біршама ұлғайып, соңғы бір жылдың ішінде 8 мың адамға артты. Жалпы, республика бойынша ауылдық жерлерде 7,5 млн.-нан астам адам тұрады»,-  делінген хабарламада.    

Ведомствоның атап өтуінше, 2011 жылдың қорытындысында ауыл халқының жалпы сырқаттану деңгейі 2010 жылмен салыстырғанда 3,5 пайыз төмендеді. Осы мерзім ішінде ауыл тұрғындарының туберкулезбен сырқаттануы және өлім-жітім көрсеткіші 9 және 21 пайызға, онкологиялық ауруларға шалдығуы 11  және 7 пайызға,  қайғылы жағдайлар, жарақаттанушылық және уланудан болатын сырқаттану және өлім-жітім көрсеткіші тиісінше 5 және 5,5 пайызға азайғаны байқалады. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 27 пайызға төмендеді.