Өткен жылы біз аграрлық секторда экспорттан импорттың көп болуы мүмкіндігіне қол жеткіздік ? Ауыл шаруашылығы вице-министрі
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «2001 жылдан бері елдегі ішкі жалпы өнім көлемі жылдан жылға артып келеді. Тағам өнімдеріне қатысты жағдай да осындай»,
деді бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Ебіниев. Бұл туралы ол дағдарыстан шығу шараларын ойластыру және елдің әрі қарай дамуы мен дағдарыс кезіндегі елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға байланысты өткен партияаралық кеңестің бірінші отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Вице-министрдің сөзіне қарағанда, елімізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 1999-2003 жылдар аралығында дәнді дақылдардың өсімі ерекше байқалды. Сондай-ақ мал шаруашылығы саласы бойынша да осы жылдардағы жылдық өсім 5,6 пайызды құрайды. Бұл жылдары сонымен қатар мал өнімдері де айтарлықтай өскен. «Ал отырысқа қатысушылардың астық өнімдері бұрын бұданда көп өндірілген деген пікірімен де келісемін. Алайда, ол уақыттардағы жағдай басқаша болатын. Онда егін орағына бүкіл республика болып жұмылатын. Оған тіпті сырттан да қосымша күштер тартылатын. Ал қазіргі жағдай басқаша. Мысалы, қазір елде егін орылып жатқандығын қалың көпшілік біле де бермейді. Бар істі ауыл тұрғындарының өздері-ақ бітіруде», деді вице-министр. Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, қазір еліміздің аграрлық секторына құйылып отырған инвестициялар көлемі 2002 жылмен салыстырғанда 1 есеге артқан. «Бұл, әрине, осымен іс бітті дегенді білдірмесе керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», деді министрдің орынбасары. Елдегі аграрлық сектордың даму көрсеткіштерінің бірі импорт пен экспорт екендігін атап өткен А.Ебіниев: «республикада экспорт көлемі, импорт көлемі де артып келеді. Ал 2008 жылы біз экспорттың импорттың алдын алу мүмкіндігіне қол жеткіздік», деді.