Өткен жылы елімізде 3 ауысымда білім беретін мектеп саны 16-ға қысқарды
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылы елдегі 3 ауысыммен оқытатын мектептер саны 16-ға қысқарды. Бұл туралы бүгін Парламент депутаттарын 2009 жылғы бюджеттің атқарылуымен таныстырған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректері бойынша, елде бүгін 7 мың 576 жалпы білім беру мектептері бар. Онда 2 миллион 491 мың 202 бала 5 тілде білім алады. «Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты міндеттерді орындау мақсатында ерекше дарынды балаларға арналған 3 тілде білім беретін 33 арнайы мамандандырылған мектептер желісі құрылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының физика-математикалық бағыттағы Астана, Семей, Көкшетау қалаларындағы үш интеллектуалды мектептерінде бүгінде 1 мың 854 бала білім алып жатыр», деді Б.Жәмішев.
Сондай-ақ оның айтуынша, жалпы және орта білім беру орындарын арнайы техникалармен қамтамасыз ету мақсатында мультимедиялық кабинеттерді қоса есептегенде 18 оқушыға 1 компьютерден келеді. Ал интернет желісіне қала мектептерінің 98 пайызы, ауыл мектептерінің 97 пайызы қосылған.