Өткен жылы елімізде 36,8 млрд. теңгеге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту жүргізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы елімізде 36,8 млрд. теңгеге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылы елімізде 36,8 млрд. теңгеге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту жүргізілді

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және даму орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Сергей Шайжүнісов мәлім  етті.

«Өздеріңіз де білетіндей, «Нұрлы жол» бағдарламасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторына зор назар аударылған болатын. Оның ішінде өткен жылы шамамен 60 млрд. теңгеге инфрақұрылымдарды жаңғырту жоспарланған еді. Бүгінгі күні бұл қаржы толығымен игерілді. Яғни, ақша соңғы сатыға дейін толық жетті», - деді ол.

С.Шайжүнісовтің айтуынша, өткен жылы жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 259 шақырымын салып, тағы 259 шақырымына жаңғырту жұмыстарын жүргізу, 14 қазандық пен 6 сорғы стансасын жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнгі жағдайға сәйкес, инженерлік желінің 211 шақырымы, оның ішінде 143 шақырым жылумен жабдықтау желісі, 67 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісі, 4 қазандық пен 2 сорғы стансасы жаңғыртылған. Қосымша 3 мың жаңа жұмыс орны құрылған.