19:05, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Өткен жылы еліміздің экспорты ұлғайып, импорт көлемі азайған
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Үкімет есебімен қатар Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің берген мәліметтері жан -жақты қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Есеп комитетінің пайымдауынша, 2008 жылы Қазақстан экономикасы сыртқы факторлардың келеңсіз ықпалына ұшырай отырып, қолайсыз жағдайда жұмыс жасаған. Бұл республикалық бюджеттің есепті кезеңдегі сандық және сапалық көрсеткіштерінің атқарылуына өз әсерін тигізді. Есеп комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2008 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) бастапқы өсімі ? 9 пайыз, ЖІӨ-ге шаққандағы республикалық бюджет шығыстары ? 20 пайыз деңгейінде, мемлекеттік бюджеттің мұнайдан тыс тапшылығы 3-4 пайыз мөлшерінде болжанған болатын. 2008 жылы ЖІӨ іс жүзінде 3,2 пайыз өсіп, ЖІӨ-ге шаққанда республикалық бюджет шығыстары ? 23,9 пайыз, мұнайдан тыс тапшылық 8,8 пайыз мөлшерінде қалыптасты. Сонымен қоса тұтыну бағаларының іс жүзіндегі индексі белгіленген межеден 1,5 пайызға асып, тауар экспорты 21,0 млрд. АҚШ долларына ұлғайды, ал импорт 5,6 млрд. АҚШ долларына азайған. Алайда, 2008 жылдың екінші жартысынан бастап, өнеркәсіптік өнім көлемінің және әлемдік нарықтағы шикізат бағаларының айтарлықтай төмендегені байқалды.
Осы жайттарды және әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықты ескере отырып, республикалық бюджет 2008 жылғы қазанда екінші рет нақтыланды. Соның нәтижесінде бюджеттің негізгі параметрлері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы басым бағыттарды сақтай отырып, қайта қаралды.
Республикалық бюджетті нақтылау кезінде кірістер негізінен Ұлттық қордан түскен трансферт түсімдері мен әкетілетін шикі мұнайға салынатын кедендік баждарды енгізудің нәтижесінде ұлғайған.