Өткен жылы «Эйр Астана» 2 568 286 жолаушыны тасымалдады
АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 2010 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшақтары 7,45 миллиард жолаушы шақырымын ұшып,
2 568 286 жолаушыны тасымалдаған. Бұл туралы отандық әуе компаниясының 2010 жылдың қорытындысына арналған есебінде жарияланды.
Әуе компаниясы жалпы алғанда 27 787 рейсті жүзеге асырған. Компания өкілдері өткен жылдың табысты аяқталғанын айтады. Мәселен, компания өткен жылы 6 Airbus A320 әуе кемелерін сатып алған. Олардың жалпы құны 268 миллион долларды құрайды. Бұнымен қатар бірнеше Фоккер-50 ұшақтары да әуе кемелерінің сапына қосылған. Бүгінде әуе кемелерінің паркі 22 ұшақты құрайды.
Сондай-ақ өткен жылы әуе компаниясы Алматы - Үрімжі, Алматы - Душанбе, Алматы - Ташкент, Алматы - Санкт-Петербор және Астана - Екатеринбор бағытында жаңа рейстерді ашқан. Бұнымен қатар «Эйр Астана» The Skytrax 2010 World Airline Awards жүлдесінің «Шығыс Еуропаның үздік компаниясы» аталымында үшінші жүлдеге ие болған. Бұл конкурс бойынша жүргізілген сауалнамада әлемнің 100 елінің 17,9 миллион тұрғыны Эйр Астананы ТМД мен Орталық Азиядағы ең үздік әуе компаниясы деп белгілеген.
Сондай-ақ өткен жылы компанияның рейтингі Standard & Poor's тарапынан GAMMA-6 деңгейіне жоғарылатылған. Бұл қазіргі кезде еліміздегі ең жоғары рейтинг.
Әуе компаниясы 2011 жылы да жетістіктерін ұлғайтпақ ниетте. Мысалы, биылғы жылы Boeing 767 ұшақтарында «Ұйықтауға мүмкіндік беретін бизнес класс» енгізілмек. Бұнымен қатар Алматы-Самара, Алматы-Тбилиси бағыттары ашылатын болады. Бұл үшін Embraer E-190 ұшақтары алынбақ.
Естеріңізге сала кетейік, «Эйр Астана» 7-Қысқы Азия ойындарының ресми әуе тасымалдаушысы болып табылады.