Өткен жылы Қазақстанда 17 878 жаңа автокөлік сатылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Өткен жылы елімізде 17 878 жаңа автокөлік сатылған.
Бұл туралы «Qncepto» консалтингтік компаниясы жасаған ресми көлік диллерлерінің 2009 жылғы қорытындысында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорытынды есеп көрсеткендей, өткен жылғы сатылым көрсеткіші 2008 жылмен салыстырғанда 51,2 пайызға азайған. Елімізде көлікке сұраныс тек өткен жылдың желтоқсан айында ғана қатты болыпты. Диллерлер бұл айда 2 330 автокөлік сатыпты. Бұл басқа айлармен салыстырғанда 56,4 пайызға артық. Алайда консалтингтік компанияның өкілдері бұл жаңа тарифтер енгізу алдындағы, ескі бағамен көлік алып қалсам деген жанталас қана, жаңа тариф енгізіліп, жаңа баға қойылған соң, бұл сұраныс саябырсиды дейді. Есеп бойынша өткен жылы елімізде Fiat және Ford автокөліктеріне бірде-бір сұраныс болмапты. Ал Renault пен Opel, Cadillac көліктері бірнеше данадан ғана сатылған. Ал ең жоғары сұранысқа- 434 данасы сатылған Suzuki маркалы көліктер ие болған. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 56,1 пайызға жоғары. Жалпы, өткен жылы елімізде жапон автокөліктеріне сұраныс 2 есеге артқан. Сұраныс жоғары болған көліктер қатарында 2008 жылмен салыстырғанда 50,3 пайыз өсім көрсеткен Mercedes-Benz бар. Өткен жылы бұл марканың 251 данасы сатылған. 2008 жылы 167 дана сатылған еді. Ал BMW 11,6 пайызға өсім көрсетіп, X6 және 7 сериялы марканың 164 данасын сатқан. Осы екі марканың туысы Audi өткен жылды 76-ақ көлік сатылып, жылды 16,5 пайыздық құлдыраумен аяқтапты. Porsche мен Skoda-ға сұраныс 24,4 пайызға азайған. Жоғарыда атап өткен Fiat, Ford сынды сұраныссыз көліктердің қатарын KIA (- 77,2%), Volkswagen (-69,2%) және Hyundai (- 68,1%) толықтырған. Ал табысты сатылымдағы көліктердің қатарында ресейлік АвтоВАЗ өнімдері көш бастап тұр. Өткен жылы елімізде бұл марканың 3 681 данасы сатылған. Ал Toyota 3 006, тағы бір Ресейлік өнім УАЗ 2 328 данасы иесін тапқан. Ал Mitsubishi 2 073, Өзбекстандық Daewoo 1 403, Nissan 675, Chevy Niva 668, Volkswagen 664, Hyundai 653, Skoda 563 автокөлік сатқан. Ал бұлардың ішінде жеке маркалар бойынша УАЗ автокөлігі сатылым бойынша көш бастап, 2 225 қазақстандықты қуантқан. Ал ВАЗ-дың 7-ші маркасын 1 257 адам сатып алған. Өскеменде құрастырылатын Lada 4x4 маркасын 1 051, Daewoo Nexia көлігіне 906 адам ие болыпты. Өткен жылы 2008 жылы сатылым бойынша жақсы қарқын көрсеткен Toyota Camry, Toyota Corollaға сұраныс төмендегенін көрсетті. Жалпы сатылым бойынша 2009 жылдың қорытындысы нәтижесінде "БИПЭК АВТО" ең жоғары көрсеткішті иеленген. Одан кейінгі орындарда "Меркур-авто", "Астана моторс", "Тойота Жетісу орталығы".