Өткен жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін 30 лауазымды тұлға сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын 30 лауазымды тұлға сотталды.
Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын 30 лауазымды тұлға сотталды. 380-нен астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Парақорлық, ұрлау, лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану фактілері айрықша кеңінен тараған», - деді ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен селекорлық режімдегі кеңес барысында.
Оның айтуынша, жыл сайын елімізде ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып отыр.
«Соңғы 5 жылда бөлінетін субсидия үш есеге ұлғайып, 8,9 млрд. теңгеден 257 млрд. теңгеге дейін жетті. Мемлекеттік қаржыландыру көлемінің артуына байланысты жемқорлық тәуекелдерді тыңғылықты сараптау қажеттігінің туындап отыруы да заңдылық», - деді ол.