Өткен жылы Қазақстанда балаларға жыныстық сипаттағы зорлық жасаған 63 адам сотталды – ҚР Жоғарғы соты

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылы Қазақстанда 63 педофил темір тордың ар жағына тоғытылды.

Өткен жылы Қазақстанда балаларға жыныстық сипаттағы зорлық жасаған 63 адам сотталды – ҚР Жоғарғы соты

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті.

«2011 жылы жалпы республика бойынша 63 азамат кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлық іс-әрекеттер жасағаны үшін тиісті жазасын алды», - деді ол.

Мәселен, О.Петерстің атап өтуінше, таяуда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында алқабилердің қатысуымен, 1974 жылы дүниеге келген ақтөбелік азаматтың ісі қаралды. Ол әйелі жұмысқа кеткен кезде 10 жастағы өгей ұлы мен 6 жастағы туған қызына қатысты жыныстық зорлық іс-әрекеттерін жасап, кәмелеттік жасқа толмаған жәбірленушілердің денсаулығы мен психикасына зақым келтірген. Сонымен қатар, сот сараптамасы барысында сотталушының балаларды ұрып-соққандығы және  мұндай қылмысқа алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін барғаны белгілі болып отыр.

«Сот үкімі бойынша, аталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы, 4-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеу барысында сотталушы алкогольдік тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емеделетін болады», - деді ресми өкіл.