Өткен жылы қазақстандық әуе компаниялары 7,9 млн адамды тасымалдады

«Қазақстанның азаматтық авиация саласын дамытуда оң динамика сақталып отыр. Ең алдымен, жолаушылар ағынының артқаны байқалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуекомпаниялар 7,9 млн адам тасымалдады, бұл - 2017 жылғы көрсеткіштен 7% артық. Жалпы, отандық әуежайларда 14 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетілген», - деп хабарлады комитет Telegram-дағы ресми парақшасында.
Транзиттік жолаушыларды тасымалдауда да 40% өсім тіркелді. 2018 жылы шамамен 900 мың адам транзиттік сапармен келген.
«Ел халқының басым бөлігін әуе көлігімен қамтамасыз ету үшін биыл төмен бюджетті алғашқы ұлттық Fly Arystan авиакомпаниясын іске қосу жоспарланған. Аталған ұйым өз қызметінің алғашқы жылы кемінде 1 млн жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр», - деп толықтырды комитет.
Халықаралық тасымалдау саласында тұрақты даму байқалады. 2018 жылы қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар 14 жаңа рейс ашқан: Атырау-Франкфурт, Астана-Қазан, Астана-Түмен, Астана-Вильнюс, Астана-Челябі, Астана-Краснодар, Астана-Томбы, Астана-Сочи, Астана-Душанбе, Рига-Алматы («Air Baltic»), Новосібір-Павлодар («Сибирь»), Краснояр - Алматы («Ангара»), Мәскеу-Қызылорда («Аэрофлот»), Хельсинки-Астана («Finnair»).
2013 жылы Қазақстан әуежайлары 73 бағыт бойынша қызмет көрсетсе, 2018 жылы - 96 бағытқа дейін артқан. Қазіргі уақытта Қазақстанға 23 халықаралық авиакомпания тұрақты рейстер жасап отырады.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу мен «ашық аспан» режимін енгізуге байланысты Қазақстанның әуе нарығына алты жаңа шетелдік компания келді олар - Air China, LOT, WizzAir, Finnair, Air Baltic және Ural Airlines авиакомпаниялары. Сонымен қатар, Turkish Airlines пен «Аэрофлот» әуе рейстерінің жиілігін арттырып, әуе қозғалысын кеңейтіп жатыр.
«Отандық авиакомпаниялар да рейстердің аумағын кеңейтіп, халықаралық бағыттарға рейстер жиілігін арттыруда. Қазақстандық әуе компаниялары үшін Еуроодақ елдеріне ұшуда еш шектеу жоқ. Қазіргі уақытта жеті отандық әуе компаниясы - Air Astana, Prime Aviation, KazAirJet, SCAT, Comlux-KZ AK, JetAirlines және FFlyJet.kz - EASA авторизациясын сәтті өткізді және Еуропаға ұшу құқығын иеленді», - делінген хабарламада.
ЭКСПО-2017 көрмесі кезеңінде Қазақстан арқылы жүретін қытайлық азаматтар үшін 72 сағаттық визасыз режим бастамасы іске асырылды. 2018 жылдан бастап, бұл режим Үндістан азаматтарына да қолжетімді болды. Қос елдің азаматтары үшін визасыз транизттік режим 2019 жылдың соңына дейін өз күшінде қалады.