Өткен жылы кеден органдары мемлекетке 1 трлн. 340 млрд. теңге кіріс әкелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеден органдары өткен жылы бюджетке 1 трлн. 340 млрд. теңге көлемінде кіріс түсірді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«2013 жылғы 12 ай ішінде кеден органдары бюджет кірісіне 1 трлн. 339,5 млрд. теңге сомасында кедендік түсімдер мен салықтардың түсуін қамтамасыз етті. 1912 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 192,6 млрд. теңгеге немесе 16,8 пайызға артық аударылды. Республикалық бюджеттің кірісіне кедендік төлемдер мен салықтардың түсу үлесі 37,0 пайызды құрады», - делінген хабарламада. Ведомствоның атап өтуінше, кедендік бақылау нәтижесі бойынша қосымша 16 млрд. теңге есептелді, олардың 6 млрд. теңге кедендік төлемдері мен салықтары бюджет кірісіне өндірілді.