Өткен жылы ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғандарға 18 млн. теңгеге жуық айыппұл салынды
Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлайды.
Меселен, өткен жылы Департаменттің қызмет көрсету аумағында екі кезең бойынша «Заңсыз келуші-2014» операциясы, сондай-ақ «Мигрант» жедел алдын-алу шарасы өткізілді.
Өткізілген шаралардың нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 37 қылмыстық іс қозғалды. Бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 6-ға кеміген.
Олардың 16-сы ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту (ҚР 330-бабы), 15-і ҚР аумағынан тыс жерге шығу туралы соттың шешімін орындамау, 6-ауы заңсыз көші-қон ұйымдастыру (ҚР ҚК 330-2-бабы) бойынша қозғалған.
Сондай-ақ, Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2565 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көсеткіш 2013 жылы 2353 болатын. Яғни көші-қон заңын бұзуға қатысты әкімшілік жазаға тартылғандар саны 8,2 пайызға артқан.
Жыл бойы көші-қон заңнамасынан басқа да әртүрлі құқық бұзған 3280 шетелдік азаматқа әкімшілік жаза қолданылды.
Сот шешімімен 2013 жылы 28 азамат, 2014 жылы 45 азамат ҚР аумағынан тысқары шығарылған. Демек, 2013 жылға қарағанда еліміздің аумағынан тысқары шығарылған шетелдіктер саны 55 пайызға артқан.
Сот шешімін орындамаған 17 шетелдік ҚРӘҚБтК 394-бабының, 1-тармағымен, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында шетелдіктердің болу қағидаларын бұзған 42 азамат ҚРӘҚБтК 395-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы 12 ай ішінде Көші-қон полициясы басқармасы мен оның желілік бөліністері көші-қон заңнамасын бұзған азаматтарға жалпы көлемі 18 млн. теңгеге жуық айыппұл салды. Сонымен қатар, құжатсыз жүрген 433 азамат қабылдап - тарату орталығына орналастырылды, оның ішінде 122 ҚР-дың және 311 ТМД елдерінің азаматтары бар.