13:40, 06 Қаңтар 2012 | GMT +5
Өткен жылы ҚТЖ шағын стансаларда 87 жаңа вокзал салды
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ өткен жылы шағын стансаларда 87 жаңа вокзал салды,
деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
«Компания 635 шақырым магистральдық желіні жаңғыртты. Қарамағына 230 вокзал ғимаратын алды. Шалғай стансалардан 87 жаңа вокзал салды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ҚТЖ негізгі мүлік қорын көбейту мақсатында 104 жаңа локомотив, 7134 жүк вагоны, 34 жолаушылар вагонын сатып алды. Республикаішілік бес жолаушылар пойызының сапасы мен жайлылығы жақсартылса, жеті бағытта жаңа пойыздар жолға шықты.
«Компанияның стратегиялық мақсаты - 2015 жылға дейін темір жол көлігі машинасын жасауды жылына 300 млрд. теңге көлемінде атқару және отандық өнім өндірушілерден сатып алынатын тауар мен қызмет түрлерін 95 пайызға дейін өсіру», - делінген компания ақпаратында.