15:23, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Өткен жылы қылмыстық атқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық 23 пайызға дейін төмендеді - Әділет министрі
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен жылы қылмыстық атқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық 23 пайызға дейін төмендеді.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Әділет министрі Зағипа Бәлиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қолға алынған шаралар нәтижесінде, қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлық 23 пайызға дейін төмендеді. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық қылмысының басым бөлігі Әділет министрлігінің Ішкі қауіпсіздік қызметі тарапынан ашылған. Былтырдан бастап министрліктің Ішкі қауіпсіздік қызметінің жұмысы күшейтілді. Ол қызметте ведомствоның өз резервінен тартылған 67 офицер қызмет етеді», - деді З. Бәлиева.
Сонымен бірге, Елбасының тапсырмасымен кадрлық саясатты жетілдіру мәселелері бойынша атқарылған шараларға тоқталған министр, бұл бойынша барлық деңгейдегі бірінші басшылардың жауапкершілігі арттырылып отырғанын айтты. «Сараптауларға сүйенсек, 2008 жылы тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 2007 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін төмендеді. Бұндай шараларды біз одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Сондықтан да, біздің ведомство мен азаматтық сектор арасындағы байланыста толық ашықтық орнатуға қатысты шаралар жүргізіледі», - деді З. Бәлиева.