Өткен жылы Қытай 90 мың тонна қазақ астығын сатып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қытай 90 мың тонна қазақ астығын сатып алды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Өткен жылы Қытай 90 мың тонна қазақ астығын сатып алды

«Ауыл шаруашылығы саласында Қытай нарығына қазақстандықты астықты жеткізу шаралары қабылдануда. Өткен жылы жеткізілген астықтың жалпы көлемі 90 мың тоннадан асып жығылды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі шағын комитеттің жетінші отырысы барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты. Қазіргі уақытта Қазақстан-Қытай шекарасында астық терминалын салу мәселесі қарастырылуда», - деді ол.

Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, астықтан бөлек қытай нарығына Қазақстанның металлургиялық өнімдері мыс, феррохром, темір кені және концентраттар жеткізілуде.

«2012 жылы Қытайға жеткізілген мыс көлемі 170 мың, 2013 жылы 202 мың тоннаны құрады. Биыл 154 мың тонна мыс жөнелту жоспарлануда», - деді Б.Сағынтаев.