Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру саласында 300-ден аса сыбайлас қылмыс анықталды - Қаржы полициясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар саласын іске асыру барысында 300-ден аса сыбайлас қылмыстар анықталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру саласындағы қылмыстардың жолын кесу үшін әр аумақта алғаш рет «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің төлқұжаттары» әзірленді.
«Онда біз жедел бөлімшелеріміздің сүйемелдеуін қажет ететін ең криминогендік салаларды анықтадық. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар саласын іске асыру барысында 300-ден аса сыбайлас қылмыстар анықталды. Ол 106-дан 321-ге дейін, 3 есеге көбейген. Келтірілген залал көлемі 6 млрд.теңгеден асты», - деді А.Лукин.
Сондай-ақ, оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың ұйымдасқан нысандарының жолын кесуге бағытталған «жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қарсы» жұмыстың жаңа тәсілдері жасалды.
Оның мәліметінше, өткен жылы ұйымдасқан қылмыстық топтарға басшылық етудің, сондай-ақ оның ішінде мемлекеттік органдарының уәкілетті тұлғалары қатысқан 6 фактісі анықталды. 2012 жылы мұндай қылмыстар мүлдем анықталмаған болатын.