Өткен жылы монополистердің табысы 175 млрд. теңгеге төмендетілді - ТМРА
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы монополистердің табыстары 175 миллиард теңгеге төмендетілді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ҚР ТМРА төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.
«Егер 2012 жылы монополистерге 55 миллиард теңгеге тарифтерді өсіруден бас тартсақ, ал 2013 жылы олардың «тәбеті» 175 миллиард теңгеге қысқартылды»,- деді агенттік басшысы.
М.Оспановтың сөзіне қарағанда, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өз қызметіне тарифтерді 25 пайызға арттыратынын мәлімдеп, құжаттарын ұсынған.
«Осы орайда компания тарифтерінің кемінде 15 пайызға артатынына сенімді болды. Алайда агенттік оны тек 7 пайызға өзгерту туралы шешім шығарды. Бұл тұрғыда қаржы вагон құрамын жаңартуға, желілерді жаңғыртуға бағытталатыны ескерілді», - деді агенттік төрағасы.