Өткен жылы өндіріс орындарында 363 адам қаза тапты

Бұл туралы бүгін елордада Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне арналған І Қазақстандық халықаралық конференция және KIOSH-2011 көрмесінің ашылуы барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«28 сәуірде әлемдік қоғамдастық Еңбекті қорғаудың дүниежүзілік күнін атап өтеді. Дәл осы күні әлемнің көптеген елдерінде өндірісте зардап шеккен жұмысшыларға құрмет көрсетіліп, еңбек мәдениеті және оны қорғау бойынша іс-шаралар белсенді түрде қолға алынады», - деді министр.
Г.Әбдіқалықованың атап өтуінше, республикадағы ұйымдарда жалпы жарақаттану деңгейінің төмендеу үрдісінің соңғы 5 жылда байқалуына қарамастан, еліміздің кәсіпорындарында жыл сайын 2 мыңнан астам адам зақым алуда. «2010 жылдың ішінде өндіріс орындарында 363 адам қаза тапты. 630 мыңнан астам адам зиянды жағдайда жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың басынан бері 59 адам өндіріс орындарында жарақат алды. Жазатайым оқиғаға ұшырағандардың басым бөлігі тау-кен саласындағы кәсіпорындар мен құрылысқа тиесілі», - деді ол.
Оның пайымынша, жарақаттанудың әр салаға қатысты өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен өндіріс жұмыстарын ұйымдастырудағы кемшіліктер, еңбек және өндіріс тәртібінің бұзылуы, техникалық қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы барлық салаға тән болып отыр.