Өткен жылы сапасыз қызмет атқарған 40 судья лауазымынан босатылды - М.Әлімбеков

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылы сапасыз қызмет атқарған 40 судья лауазымынан босатылды.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы сотының ақпараттық-техникалық орталығының ашылуы барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков айтты.

Сот саласында да бірен-саран ағаттықтар кездесіп жататындығын ашық айтқан Жоғарғы сот төрағасының атап өтуінше, соңғы кездері судьялардың қызметін дұрыс атқаруын қадағалау бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылған.

Қызмет барысында бірнеше мәрте қателіктерге бой алдырған судьяларға сот мониторингін жасап жатқандықтарын атап өткен М.Әлімбеков: «Біз сол арқылы оның барлық атқарған жұмысын зерттейміз. Ол тек судьяның қараған ісіне ғана қатысты емес. Жалпы оған қоғамдық көзқарас қандай деген мәселені де назарда ұстаймыз. Қоғамдық пікірді саралап, университет студенттерін тарта отырып сотқа қатысқан адамдарды аралау арқылы пікірлерін сұрастырып жатырмыз», - деді.

Сонымен қатар қызметтік лауазымына сәйкес келмеген судья жұмыстан босатылатындығын баса айтқан ол: «Өткен жылы өз еркімен, басқа да жағдайлармен жұмыстан босаған адамдар бар. Бірақ жұмысының сапасы нашар болды деген себеппен 2010 жылы 40 судьяны жұмысынан босаттық. Олардың біразы тәртіптік жауапкершілік арқылы, тағы біразы сот шешімімен қызметінен кетті», - деді.

Соңғы жаңалықтар