Өткен жылы сот шешімі негізінде 7 мыңнан астам нысанның қызметі тоқтатылды - ТЖМ

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылы сот шешімі негізінде 7 мыңнан астам нысанның қызметі тоқтатылды.

Өткен жылы сот шешімі негізінде 7 мыңнан астам нысанның қызметі тоқтатылды - ТЖМ

24 мың маман мен мекеме басшыларына қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде жіберген кемшіліктері үшін 281 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің 2011 жылы атқарған жұмыстарына байланысты өткен алқа мәжілісінде аталмыш ведомство басшысы Владимир Божко мәлім етті.

Оның деректеріне қарағанда, аталған шаралар өнеркәсіп саласындағы апаттардың санын 8,2 пайызға азайтып, соңы өлімге алып келетін дене жарақаттарын алу жағдайларын 7,4 пайызға, ауыр жарақаттардың санын 4,5 пайызға кемітуге мүмкіндік берді. «Сондай-ақ елде өрт оқиғаларының саны 18,2 пайызға төмен болып, зардап шеккендер 13,3 пайызға, мерт болғандар 7,6 пайызға азайды. Ал осы оқиғалардың салдарынан болатын материалдық шығын 3,2 пайызға төмендеді»,-деді министр.

Оның айтуынша, келесі 2012 жылы өнеркәсіп саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуші мамандар қатарын нығайту керек. Бұл мәселе әсіресе елімізің батыс өңірлерінде, нақтырақ айтқанда теңізге жақын аймақтарда өзекті болып отыр.