Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 35 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды - депутат Ж.Асанов
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 35 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен республикалық консультативтік кеңесте Мәжіліс депутаты Жақып Асанов айтты.
Ж.Асановтың айтуынша, таяу уақытқа дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік проблема ретінде қаралып келген жоқ. Онымен бір мезгілде, Ішкі істер министрлігі жыл сайын осындай мыңдаған фактіні тіркеп отырды. Қолданыстағы заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың шұғыл түрде алдын алуға және қауіпсіздік қамтамасыз етуге мүмкіндік берген жоқ. Мемлекет, агрессор пиғылын жүзеге асырғаннан кейін ғана араласуға құқылы болды.
Ал 2009 жылдың 4 желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар белгілі бір уәкілеттіктерге ие болды. Бірақ депутат атап өткендей, аталмыш Заң әлі де толықтырулар мен өзгертулерді қажет етеді.
Дегенмен нәтижелер бүгіннен көріне бастады. «Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны 70 пайызға көбейіп, 35 мың адамды құрады. Бұл өте үлкен сан. Біріншіден бұл, зардап шегушілердің белсене түскенін және полиция органдарының осы бағыттағы қызметі жетілдіріле түскенін көрсетіп отыр. Жаңа Заңға сәйкес полиция органдарымен қорғау туралы 15 мың ұйғарым берілді. Соттар 600-ге жуық бұзушының тәртібіне қатысты қатаң талаптар қойды», - деді ол.
Депутат атап көрсеткендей, жазалардың 96 пайызы ер азаматтарға, 4 пайызы кәмелетке толмағандар мен әйелдерге қолданылды. Сондай-ақ оның айтуынша, республикада жыл сайын 500-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. «Статистика өкінішке қарай, азаймай отыр», - деді ол.