Өткен жылы ұлттық компаниялар мен холдингтер қазақстандық қамту бойынша міндеттемелерін орындамады - С.Ахметов
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Өткен жылы ұлттық компаниялар мен холдингтер өздерінің қазақстандық қамту бойынша міндеттемелерін орындамады.
Бұл туралы бүгін қазақстандық қамту мәселесін дамытуға арналған жиын өткізген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов айтты.
Алқалы жиынды ашқан С.Ахметовтің айтуынша, қазақстандық қамту көлемін арттыру жұмыстары жүйелі түрде Үкімет тарабынан жолға қойылған. Дегенмен де осыған қарамастан өткен жылдың қорытындысында жоспарланған мақсатты көрсеткіштер орындалмады.
«Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметтері бойынша, өткен жылы қазақстандық қамту бойынша мақсатты көрсеткіштерді әсіресе, біздің тау-кен өнеркәсібінің, мұнайгаз секторының және «Самұрық-Қазына қорының компаниялар тобына кіретін жер қойнауын пайдаланушылар толық көлемде орындаған жоқ. Ұлттық компаниялар мен холдингтердің сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесі тауарлар бойынша жоспарланған 53 пайыздың 27,1 пайызын, жұмыстар мен қызметтер бойынша жоспарланған 82 пайыздың 65 пайызын ғана құрады», - деді ол.
Жиынға Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомствоның өкілдері қатысты.