Өткен жылы жалған банкроттық жасаған 132 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы жалған банкроттық жасаған 132 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары Нұрила Үсенова мәлім етті.

Өткен жылы жалған банкроттық жасаған 132 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Оның атап өтуінше, өткен жылы ғана қаржы полициясы органдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде аймақтық бөлімшелер мен конкурстық басқарушылардың арыздары негізінде 132 борышкерге қатысты әдейі және жалған банкроттық, салық төлеуден бас тарту, жалған банкроттық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. 73 борышкердің жетекшілері үстінен 3,3 млрд. теңге құрайтын материалдық залалдарды өндіру бойынша сот шешімі шығарылды.

«2 конкурстық басқарушы үстінен қаржы полициясы органдары мен алаяқтық, коммерциялық сатып алу, пара беру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», - деді ол.

Н.Үсенованың сөзіне қарағанда, өткен жылы таратылу үстіндегі 110 банкроттан 2,9 млрд. теңге көлеміндегі жалақы берешегі өндірілді. Бұл жалпы жалақы берешегінің 80 пайызын құрайды.