Өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалды – Ерлан Қарин пайымы
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram-да ішкі саяси тұрғыда өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалғанын жазды.
Реформалар бағытының жалғасы
Мемлекет басшысы қаңтардағы сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бүкіл 2024 жылға арналған ішкісаяси жұмыстардың күнтәртібі мен мазмұнын айқындап берді.
Жыл бойы әлеуметтік маңызы бар заңдардың тұтас кешені әзірленіп, қабылданды. Қоғамдық петициялар институты іске қосылды. ТМД және Орталық Азияда алғаш рет атом электр станциясы құрылысына қатысты референдум өтті, оны талқылау ең ұзақ электоральдық науқанға айналды. Ауыл әкімдерін сайлау жалғасын тапты. Ономастика, ескерткіштер мен геральдика, мемлекеттік және қоғамдық наградалар саласын ретке келтіру жұмыстары басталды.
Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы мемлекеттік бастамаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыру жалғасын тапты: «Ұлттық қор балаларға!» бағдарламасы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, мектептердегі тәрбие жұмысының бірыңғай бағдарламасы, жас ғалымдарға арналған жаңа гранттар мен тағылымдамалар, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі мен беделін арттыру.
Жаңа сын-қатерлерге жауап
Мемлекеттік аппарат туындаған сын-қатерлерді табысты еңсере білді. Президент саясаты бұрын-соңды болмаған халықаралық шиеленіс жағдайында еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуына, Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігінің нығаюына септігін тигізді.
Алапат су тасқынының зардаптары қысқа уақыттың ішінде жойылып, зардап шеккендердің барлығына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілді. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ балалар суицидімен күресті үйлестіру салалары бойынша жүйелі шаралар қабылданды.
Жаңа қоғамдық әдеп
Жаңа қоғамдық құндылықтардың кристалдау процесі жалғасты. Әділдік, заңдылық пен тәртіп қағидалары тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның негізгі нарративіне айналды.
Азаматтық қоғам Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасына, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, агрессия мен вандализмге, нашақорлыққа, лудоманияға және ысырапшылдыққа қарсы тұруға белсенді атсалысты.
Мінез-құлық нормалары мен әдеп сақтау тақырыбы барған сайын қоғамдық талқылаулардың өзегіне айнала бастады.
Қоғам бірігуінің дамуы
Өзекті тақырыптар төңірегінде орын алып жатқан пікірталастарға қарамастан, тұтастай алғанда, билік пен қоғамның болашаққа деген ортақ түсінігі мен көзқарасы бар. Жақында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 77,7 пайызы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Қоғамдық қолдау алдағы 2025 жылы реформаларды жалғастырудың күшті тірегі саналады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин енді мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілетінін айтқанын жазған болатынбыз.