Өтпелі дәуірдің қиындықтарын көтере білдік - Самұрат Имандосов

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Мен 1991 жылдың тамыз оқиғасын әлі жадымнан шығара қойған жоқпын. Бар болғаны үш күнге созылған оқиғаның соңы ақырында онсыз да қабырғасы сөгіліп, шаңырағы шайқала бастаған ортақ жүйенің, Кеңес одағының күйреуіне әкеліп соқты.

 Өтпелі дәуірдің қиындықтарын көтере білдік - Самұрат Имандосов

Тәуелсіздік жылдарының қалыптасу жылдары жайында «Рза» АҚ президенті Самұрат Имандосов сол бір қиындық туындаған шақты осылайша еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

       «Қалыптасқан экономикалық байланыстар үзілді. Халықтың тұрмысы күрт төмендеді. Инфляция шарықтады. 1992 жылдың басынан Ресей бағаны ырықтандырып, нарықтық экономиканың алғышарттары өмірге енгізіле бастады. Осы жылдың ақпан айында мен ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кетіп қалған депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істеген Владислав Ануфриевтің орнына халық қалаулысы болып сайландым. Осыған дейін, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзінің мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды қабылдаған болатын. 

1992 жыл ел үшін, біздің елдігіміз үшін сынақ жылы болды. Қазақтың өзгелермен терезесі тең, керегесі кең мемлекет құруға қабілеттілігі сынға түсті. Бірлігіміздің өзі сынға түсті. Көп ұзамай-ақ Тәуелсіздігіміздің символы ретінде мемлекеттік Ту, Әнұран қабылданды. 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас ассамблеясы Қазақстанды Біріккен ұлттар ұйымына мүшелікке қабылдады. Қазақстан БҰҰ-ның 168-ші мүшесі болып енді. 

Барлығынан да елімізде экономикалық реформаларды жүргізу, оны дербес тәуелсіз мемлекет ретінде заңды құжаттармен қамтамасыз ету асаа күрделі болған еді. Бірақ, Президент Назарбаев осынау саяси және экономикалық реформаларға батыл кірісті. Ұлттық мемлекетіміздің өмір сүре алатынына күмән келтіргендер де болды. Ең алдымен Мемлекет басшысы қожыраған тұтыну рыногын қалпына келтіру, оны еңбекке ынталандыру арқылы жүзеге асыру керектігін айқын түсінді. Президент шетелдік инвестицияларды тартуға барынша көңіл бөлді. Онсыз шарықтаған инфляция мен бюджет тапшылығын жоюға болмайтын еді. Өзіміз куә болғандай, сол жылдары инфляция ай сайын 70-100 пайызға дейін өсіп отырды. 

1992 жылы ақпан айында Елбасы Жарлығымен әкімдік институты енгізілді. Әкімдік қызмет лауазымы енгізілгеннен күннен бастап бүкіл қазақстандық сипатқа ие болған «әкім» сөзі 70 жыл бойы саяси және атқарушы билік символына айналған үйреншікті ұғымдарға басқаша түсінік қалыптастыра бастады. 1994 жылы Қазалы ауданының әкімі болып тағайындалдым. 1992 жылдың ақпанында ХІІ шақырылған Қазақ КСР  Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғанымда №86 жылжымалы мехколоннаның бастығы едім. Кәсіпорында 1000-ға тарта адам жұмыс істеді. Сол жерде жүріп ысылдым, тәжірибе жинақтадым. Жұмысшылармен араласу, олардың жан-дүниесін түсіну үлкен өмір философиясы екен. Жақсы басшы болу үшін жұмысшыларға да өз отбасыңдай қарау керек. Сонда ғана жұрт сені құрметтейді. Абыройсыз болғаным жоқ. Депутат ретінде Қазақстанның алғашқы заң актілерін қабылдауға қатыстым. Кейін кәсіпкерлікке бірыңғай бет бұрдым. Жалпы мен билікке, кәсіпкерлікке көлденең жағдайдан келгенім жоқ. Өмірден біршама тәжірибе жинақтадым. Қолдан келгенше адамдарға, әсіресе жұмысшы халыққа көмек көрсеттім. Ал бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыр сынаққа тап болған халық үшін ауадай қажет еді. 

Жалпы, мен басқаратын «РЗА» акционерлік қоғамының тіршілігі сан салалы. Ол мал өндіруден бастап, көптеген ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін шығарумен, құрылыс жүргізумен, инфрақұрылым нысандарын салумен айналысады. Осының барлығы ел үшін жұмыс көзі, бюджеттің табысы болып табылады. Міне, ширек ғасыр ішінде біз осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл халықтың ертеңгі күнге сенімінің, қиындыққа қарсы тұра білетін қайсарлығының, Елбасының сарабдал саясатының айқын жемісі деп түсінемін»,-дейді С. Имандосов.